мақалалар

Өткенге – тағзым, келешекке — үміт

Өскелең ұрпақтың бойына қайырымдылық қасиетін құю біздің әрқайсысымыздың азаматтық парызымыз. Осы орайда біздің «ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балалары кеңесінің» қоғамдық қоры жоғары және орта білім беру мекемелерімен үздіксіз жұмыс жасап келеді. Жас жеткіншектер бізбен бірге ардагерлердің үйлеріне барып, жағдайларын біліп, өмір туралы ойларын, өсиеттерін тыңдап қайтады.

«Тұран» университетінің бір топ студенті біздің қорды іздеп келіп, өз көмектерін ұсынған болатын. Енді міне олар да біздің еріктілер қатарына қосылып, ардагерлеріміздің хәл-жағдайын сұрап қайтты.

Бұл біз үшін өте маңызды көмек. Себебі ардагерлердің хәлін жиі біліп тұруға, оларға қажетті азық-түлікті жеткізіп тұруға біздің күшіміз жете бермейді. Ал бойында жастық жігері бар жалынды жандар бұл істі еш қиналмай атқарып шыға алады.

Бұл өткен шақпен келешектің түйісіп, бір-біріне деген ізгі ниеттерін білдіру сәті десе де болады. «Ұрпақ» үшін деп шайқасқан ардагерлер сол ұрпақтың алғысын алып, үміттерінің ақталғанын аңғарады. Ал жас жеткіншектер өздерінің бейбіт өмірі қандай күшпен, еңбекпен келгенін естіп, өткен тарихқа тағзым, бүгінгі күнге шүкіршілік етеді.
Жаңалықтар Еріктілер