мақалалар

«Күзгі бал» мерекесі

Жадырап жанымыз,
Жарасып әніміз,
Болашақ бүгіннен басталғандай.
Нұр құйып көңілге,
Жол сілтер өмірге,
Арман тұр асқақтап асқар таудай.

Ия, Мұхтар Шаханов ағамыздың "Қазақ вальсы" осы күнге арналып жазылғандай. Күзгі әуенге ұласқан «Күзгі бал" мерекесі. Қос аққудай жарасқан жұптардың тамаша билеріне алматылықтарды тәнті еткен бұл мереке, бүгін таңда жетінші мәрте өткізіліп отыр. Ерекше десе де болады, өйткені сахнаға шығатын бишілер - ардақты ардагер аналарымыз бен аталарымыз.

2017 жылы алғашқы рет тұсауы кесілген шараның ұйымдастырушысы - «Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балалары Кеңесі" Қоғамдық Қоры. Сол жылдары осы мерекенің бас пердесін ашқан - Қамқоршылық Кеңесінің төрайымы Максимова Тамара Александровна болатын.Бүгінгі таңда бұл ардагеріміз 99 жаста. Тамара Александровна бүгін осы мерекенің ардақты қонағы.

Бүгінде өзінің қайырымдылық жұмыстарымен Республика аумағына танымал болған Қоғамдық қор, расымен де ардагерлердің екінші отбасына айналып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қордың ұйымдастыруымен ардагерлер Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысып қайтты. Ал Ресей, Корея, Қытай, Япония мемлекеттерінің Қазақстандағы Бас консулдары Қор жұмысына өте жоғары баға бергенін жемісті нәтиже десе де болады.
Иә, Қор жұмысы тек әлеуметтік көмек көрсетумен шектелмейді, сонымен қатар қарттардың денсаулығына, демалысына ерекше назар аударады. "Күзгі бал" мерекесі соның айғағы. Жуырда ғана ардагерлер Алматы маңындағы демалыс орындарында болып қайтты.
Президент саябағындағы "Ардагерлер аллеясы" да республикалық «Генералдар Кеңесімен" бірлесіп ашылған шаралардың бірі. Қазақстан бойынша ардагерлерге арналған жалғыз «Ардагер.кз" журналын шығаратын да осы Қоғамдық Қор. Ең бастысы, ардагерлерге қайырымдылық көмек көрсететін бірнеше әлеуметтік жобалардың бастамасы. Осындай қыруар жұмыстардың басында отырған Қордың атқарушы директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Жапарханова Райхан Слямханқызы.